Былтыр жыл қорытындысы бойынша туберкулезбен жаңадан ауырған 318 науқас тіркелсе, алдыңғы жылы 397 науқас тіркелген. Туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 57,8ден 45,6-ға дейін, яғни 21,1%-ға төмендеп отыр. Бұл туралы Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының басшысы Жаңабай Сағиев пен Адвокация, коммуникация және әлеуметтік мобилизация бөлімінің жауапты маманы Алмас Құмаров баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Туберкулез - ертеден келе жатқан жұқпалы аурулардың бірі. Ол негізінен өкпе ауруы болғанымен, адамның барлық ағзаларын – сүйекті, бүйректі , миды және басқа ағзаларды зақымдайды.
Облыста Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық басталды. Орталық юбасшысы аталған айлық осы жылдың 24 наурызына дейін жалғасатынын атап өтті.
Айлықты өткізудегі негізгі мақсат – індеттің алғашқы белгілері туралы тұрғындарды ақпараттандыру. Сондай-ақ өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау және жыл сайынғы профилактикалық тексеруден өту қажеттілігі туралы түсіндіру. Айлық аясында облыстың әр ауданында фтизиатрлардың кеңестері, тұрғындарды флюорографиялық тексеруден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар облысымызда қазіргі таңда туберкулез дертін тез анықтау үшін емханаларда заманауи қондырғы G-Xpert MTB| RIF экспресс тестісін қолдану жүзеге асырылған. Оның көмегімен диагнозды 2 сағат ішінде анықтауға болады, - деді Ж.Сағиев.
Сондай-ақ А.Құмаров Атырау облысы бойынша фтизиопульмонологиялық көмекті дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру жоспары туралы баяндап өтті.
Аталған жоспар Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасымен бекітіліп, жоспарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Нақтырақ айтар болсақ, тыныс алу ағзаларының аурулары кезінде көмек көрсету үшін емдеу-диагностикалық және тыныс алу ағзаларының аурулары кезінде көмек көрсету үшін емдеу-диагностикалық жарақтандыруды жетілдіру. Сонымен қатар Туберкулезге қарсы іс-шаралардың мониторингін жүргізу мен пульмонологиялық қызметтің және фтизиатрияның кадр әлеуетін күшейту, т.б. – деді ол.
Өткен жылдың қорытындысымен Атырау облысында туберкулездің таралу көрсеткіші 90,7-ден 66,2-ге дейін 27%-ға төмендеген.